Жария мүдделі ұйымдар үшін қаржылық есептілік тапсыру талаптары мен ұсыныстар

Жария мүдделі ұйымдар үшін қаржылық есептілік тапсыру талаптары мен ұсыныстар

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларында, соның ішінде жария мүдделі ұйымдар (ЖМҰ) бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

ЖМҰ экономиканың қаржы, жер қойнауын пайдалану және әлеуметтік салаларындағы кең ауқымды рөліне байланысты ерекше орын алады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы «Қаржылық есептілік депозитарийі» ақпараттық жүйесінің мәліметтері бойынша 4452 белсенді ЖМҰ тіркелген. 

Ұйымдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық жағдайына деген сенімділікті арттыру мақсатында, Жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті депозитарийге тапсыру қағидалары (ҚР ҚМ 28.01.2022 жылғы №94 бұйрығы) бекітілді, олар қаржылық есептілікті тапсыру тәртібін реттейді.

Қағидаларға сәйкес, қаржылық есептілікті тапсыру ЖМҰ үшін міндетті болып табылады. Есептілікті тапсыру мерзімі — есепті кезеңнен кейінгі 31 тамызға дейін.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Аудиторлық қызмет туралы» Заңына сәйкес, аудит міндетті болып табылатын ұйымдар Қағидалармен белгіленген тәртіпте қаржылық есептілікпен бірге PDF электрондық форматында аудиторлық есепті ұсыну қажет.

 Ескере кетсек, аталған талаптарды орындамау әкімшілік шаралар қолдануға әкеп соғады. Атап айтқанда, есептілікті тапсырудан жалтару және міндетті аудит жүргізбегені үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 239 және 250-баптарына сәйкес айыппұл салу қарастырылған.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын алдын алу мақсатында, барлық жария мүдделі ұйымдарына:

  • есептілікті тапсырудың ішкі мерзімін 31 тамызға дейін белгілеу;
  • бухгалтерлік есеп және аудитке жауапты қызметкерлердің қаржылық және құқықтық сауаттылығын тұрақты түрде арттыру;
  • қаржылық есептілікті уақытында аудиторлық тексерістен өткізіп, оны басқарушы органмен бекіту шараларын қабылдау ұсынылады;

Ұсыныстарды орындау ұйымдарға айыппұлды болдырмауға ғана емес, сондай-ақ нарықтағы өз позицияларын нығайтуға, қоғам мен инвесторлардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.