Жалған төлемдер мен заңсыз сыйақылар: мемлекеттік аудит медициналық мекемедегі заңбұзушылықтарды әшкереледі

Жалған төлемдер мен заңсыз сыйақылар: мемлекеттік аудит медициналық мекемедегі заңбұзушылықтарды әшкереледі

Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиті нәтижесінде шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталық» ШЖҚ МКК-нің қызметінде айтарлықтай қаржылық заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,4 млрд теңгені құрады.

Аудит барысында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану мен түрлі заңбұзушылықтар, қызмет бабын асыра пайдалану фактілері анықталды.

Мамандардың анықтауынша, ұзақ уақыт бойы медициналық мекеме басшылығы мен әкімшілік қызметкерлеріне негізсіз түрде көтермелеу төлемдері, еңбек демалысы ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдемақылар жоғары мөлшерде төленіп келген. Бұл бап бойынша негізсіз есептелген сома 170,8 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, нормативтік құжаттарда қарастырылмаған жоғарылатылған коэффициенттер қолдану арқылы 67,4 млн теңге көлемінде үстеме мен қосымша ақы төленген.

Сыйақы төлеу мәселесі де алаңдатарлық сипатқа ие болды. Аудит нәтижесінде 414,2 млн теңге көлеміндегі сыйақылар еңбекақы қорының үнемі мен кредиторлық берешек болмаған жағдайда ғана төленуі тиіс деген тәртіпке қарама-қайшы түрде берілгені анықталды. Сонымен қатар, 11,3 млн теңгеге дифференциалды үстемелер тиісті құжаттық растаусыз төленсе, 3,7 млн теңге – іс жүзінде орындалмаған жұмыс уақыты үшін негізсіз есептелген еңбекақы болды.

Алайда ең ірі әрі қоғамдық резонанс тудырған дерек – «Қайрат СҚ-құрылыс» ЖШС-не қаражаттың заңсыз аударылуы болды. Анықталғандай, жалпы сомасы 758,1 млн теңге болатын қаражат нақты тауар жеткізусіз және қызмет көрсетусіз, жалған құжаттар негізінде аударылған. Мұндай схема бюджет қаражатын қасақана ұрлау белгілерін көрсетеді.

Аудит қорытындысы бойынша материалдар сотқа жолданып, қарау нәтижесінде айыптау үкімі шығарылды: кінәлі тұлғалар 9 және 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, мүліктері тәркіленді. Сонымен қатар, сот шешімімен заңсыз алынған 0,7 млрд теңге көлеміндегі кірістер кәсіпорын пайдасына қайтарылды.