Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлары Ескелді ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің жұмысында айтарлықтай кемшілікті анықтаған. Атап айтқанда, қаржылық және процедуралық бұзушылықтың жалпы сомасы – 417,2 млн теңге.
Оның ішінде 341,8 млн теңге – орынсыз төлемдер. Бұл ақша іс жүзінде атқарылмаған жұмыстарға жұмсалған. Айталық, сыртқы жарықтандыру орнатылмаған, сондай-ақ әрлеу жұмыстары соңына дейін аяқталмаған. Ал тиісті қаражаты төленген дизель генераторы жеткізілмеген.
Қалған 75,4 млн теңгеге байланысты процедуралық кемшілік байқалған: келісімшарттарда қарастырылған мерзімдер сақталмаған, сол секілді тапсырыс беруші тарапынан өндірушіні жауапқа тарту бойынша қандай да бір әрекет жасалған жоқ. Мәселен, қызмет ұсынушыны мемлекеттік сатыпалымның жосықсыз қатысушысы деп тану бойынша сотқа арыз беруден бас тартқаны белгілі болды.
Аудит қорытындысы бойынша тиісті бөлімге анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама жіберілді. Материалдар құқық қорғау органдарының тарапынан да қаралып жатыр.