Береке шағын ауданында 980 орынға шақталған мектептің құрылыс жұмыстарына жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде кемшіліктер анықталды. Тексеруді Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізді.
Айталық, мердігер ұйым – «Лидер-НК» ЖШС бюджеттен 1,23 млрд теңге көлемінде қаражат алып, іс жүзінде өзіне жүктелген міндетті тиісті түрде орындамағаны белгілі болды. Бұған аудиторлар жұмыс актілерін нысанның жағдайымен салыстыру кезінде көз жеткізді.
Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының атына келесідей нұсқама жіберілді: кемшіліктерді жойып, келтірілген шығынды өтеу және бұған жол берген қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тарту.
Тиісті нұсқаманы орындау мақсатында басқарма қаражатты қайтару мен «Лидер-НК» ЖШС банк шоттарын бұғаттауға байланысты мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берді.
Басқарманың талап арызы соттың тарапынан қолдау тапты. Мәселен, 2024 жылдың 14 маусымында сот жергілікті органның пайдасына шешім шығарып, мердігердің апелляциялық шағымы қабылданған жоқ. Нәтижесінде 1,2 млрд теңгеге атқарушылық іс қозғалды. Оның ішінде 37 млн теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы да бар.
Сонымен қатар облыстық басқарма келісімшартты бұзып, «Лидер-НК» ЖШС мемлекеттік сатыпалымның жосықсыз қатысушысы деп тануға және 82,4 млн теңге мөлшерінде айыпақыны өндіріп алуға жеке талап арыз берді. Мердігермен арадағы келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталы арқылы біржақты тәртіппен бұзылды. 2024 жылдың 3 қазанында сот басқарманы қолдай отырып, олардың барлық талабын қанағаттандырды.
Аудит материалдары құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қостанай облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғады.
2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдайға сәйкес басқарма қалған жұмыстарға байланысты есептеулерді аяқтап, жаңа мердігерді таңдау бойынша конкурстық рәсімдерді қайта өткізді. Оның қорытындысы бойынша «СМТ и Компания» жеңімпаз атанып, енді бұл мердігер мектепті аяғына дейін салатын болады.