ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Солтүстік Қазақстан облысының халқымен онлайн форматта кездесті. Ашық диалогқа білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу саласының өкілдері, сондай-ақ өңірдегі білім беру ұйымдарының есепшілері мен басшылары қатысты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде комитет ашықтықты, есептілікті және қоғамдық бақылау тәжірибесін жүйелі түрде дамытып келеді.
Кездесуде ведомство басшысы биылғы төрт айда атқарылған жұмыстың нәтижелері жөнінде айтып берді. Аталған кезеңде 448 тексеру жүргізіліп, оның барысында 723,3 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда тексерулердің көлемі азайғанымен аудитпен қамтылған қаражаттың мөлшері ұлғайғаны байқалды.
Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 119,8 млрд теңге сомаға қаржылық кемшіліктер және 1 000 астам түрлі процедуралық бұзушылықтар анықталды. Қолға алынған шаралар арқылы 79,4 млрд теңге сомасына тиісті бұзушылықтар жойылды.
Бұдан басқа камералды бақылау шеңберінде шамамен 7 трлн теңге сомаға 194 мыңнан астам мемлекеттік сатыпалу рәсіміне талдау жасалып, бұл 492,5 млрд теңгеге жуықтаған кемшіліктердің алдын алуға мүмкіндік берді. Әкімшілік практиканың нәтижесінде бюджет есебіне 189,8 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Сонымен қатар ІМАК «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулін белсенді қолданып келеді. Бұл нақты уақыт режімінде білім беру саласында, сол секілді сәуір айынан бастап денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жүйесінде заңсыз төлемдерді бақылауға септігін тигізіп жүр.
2025 жылдың төрт айында 491,4 млн теңге сомасына заңсыз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік туды.
Мұндай ашық форматтағы байланыс әр азаматқа өзекті сұрақтарға толық жауап алып, мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды енгізуге жол ашады.