
Қостанай облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қостанай ауданы мен Қостанай қаласының білім бөлімдерінің басшылары және мамандарымен жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңестің негізгі тақырыбы — бюджет қаражатының орындалуын онлайн мониторинг арқылы қадағалау және білім беру ұйымдарында анықталған бұзушылықтар болды.
Департамент өкілдері онлайн бюджет мониторингі жүйесі арқылы жүргізілген талдау қорытындылары туралы баяндады.
Кеңес барысында білім беру мекемелерінде жіберілген нақты бұзушылықтар мысалдары келтірілді. Ішкі аудит мамандары қаржы басқаруындағы ашықтық пен бюджет заңнамасын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою жолдары мен алдағы уақытта олардың алдын алу шаралары талқыланды. Білім бөлімдерінің басшыларына бағынысты мекемелерде тиісті жұмыстар жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша есептерді қысқа мерзімде ұсыну тапсырылды.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бюджет қаражатын ұтымды және заңды пайдалану мәселесі басты басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, мұндай кеңестер тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.