
Қостанай қаласында «Этика, есептілік, ашықтық және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидаттары негізінде кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел форматында семинар өтті. Іс-шараны Қостанай облысы әкімінің аппараты мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына жергілікті атқарушы органдардың этика жөніндегі уәкілетті өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, облыстық басқармалар қызметкерлері мен сала сарапшылары қатысты.
Семинар барысында қаржы және мемлекеттік сатып алу салаларындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы өз пікірімен Б.Кульбаев, Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы бөлісті.
Облыс әкімі аппаратының басшысы М.Сандыбаев пен Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Г.Шағырова мемлекеттік органдар алдында тұрған негізгі міндеттерді, өзекті мәселелерді және оларды шешу жолдарын атап өтті.
Қостанай облысының этика жөніндегі уәкілі Қ.Сүйіндіков 2025 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша этика жөніндегі уәкілетті өкілдердің қызметінің нәтижелері туралы баяндады.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Б.Успанов мемлекеттік мекемелерде қызметтік автокөліктерді ұтымсыз пайдалану фактілері мен әкімшілік құқықбұзушылықтар динамикасы туралы ақпарат берді.
Жол қозғалысы ережелерін бұзудың негізгі себептері мен факторлары, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы Қостанай қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Е.Алтаев баяндама жасады.
Мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен, салалық қоғамдық бірлестіктермен және бастамашыл топтармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Е.Кашарина сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік мекемелерде жүйелі алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленетін болады.