
Ағымдағы жылғы 12-14 маусымда Вена қаласында (Аустрия) Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің делегациясы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының активтерді қайтару жөніндегі ашық үкіметаралық жұмыс тобының он сегізінші сессиясына қатысты.
Оған 150-ден астам елдің құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері келген.
Бұл іс-шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, болдырмау және алдын алу, ұрланған активтерді қайтару, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың проблемалық мәселелері бойынша озық тәжірибелерді зерттеуге бағытталған.
Қазақстан прокуратурасының өкілдері «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі ережелері мен Комитет қызметінің бағыттарын атап өтті.
Делегацияның презентациясы оң және табысты жұмыс тәжірибесі ретінде қабылданып, БҰҰ ЕҚБ Хатшылығының веб-сайтында жарияланды.
Комитет қызметкерлері жоғарыда аталған жұмыс тобының бастамасымен негізсіз баю істері бойынша ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру, электронды сұрау салулар платформасын құру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ заңсыз алынған активтерді іздеу және қайтару үшін заманауи IТ-құралдарды пайдалану туралы бірқатар ұсыныстар енгізді.
Сондай-ақ, ісшара аясында Еуропалық Одақ, Интерпол, БҰҰ ЕҚБ, Швейцария, Сингапур, АҚШ, Малайзия, Панама, Ресей, Мальта, Аустрия, Украина және басқа да бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Активтерді қайтару жөніндегі комитеті