Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Үкімет медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүгізуде, соның ішінде елге қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен жүзеге асып жатқан жобалар да бар. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасын күрделі жөндеуді аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,3 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта техникалық базаны және инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында зерттеулерді тікелей аудан орталығында жүргізу үшін МРТ аппаратына және заманауи клиникалық-диагностикалық зертханаға арналған мамандандырылған үй-жайлар ашу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар халықаралық триаж жүйесі бойынша қабылдау бөлмесін ұйымдастырылмақ. Жобаға сәйкес онда персоналдың жедел мониторинг жүргізу үшін кедергісіз кіру мүмкіндігі бар реанимациялық төсектер орналастырылатын болады. Бұл медициналық араласудың жеделдігін және медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде медициналық мекеме шұғыл және жоспарлы көмек көрсетудің заманауи стандарттарына сәйкес келтірілмек.