Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің делегациясы Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының Активтерді қайтару жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының отырысына қатысты.
Аталмыш іс-шара а.ж. қыркүйек айының 3-5 аралығында Австрияның Вена қаласында өтті.
Оған әлемнің 150-ден астам елдерінен құқық қорғау органдары мен құзыретті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Заңсыз баюға қарсы құралдарға арналған тақырыптық пікірталас аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі сараптамалық төралқа құрамында баяндама жасады.
Қазақстандық тарап “Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы” Заңның негізгі ережелері мен Комитет жұмысының нәтижелерін айтып берді.
Қатысушылар қайтарылған активтерді әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, яғни бүкіл ел бойынша мектептер, ауруханалар және басқа да нысандарды салу және жаңғыртуға бағыттау тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.
Презентация сәтті тәжірибенің үлгісі ретінде Жұмыс тобының сайтында жарияланатын болады.
Сондай-ақ қазақстандық тарап Жұмыс тобының аясында негізсіз баю туралы істерде ақпарат алмасу жөніндегі ұсынымдар әзірлеу, сұрау салуларға арналған қауіпсіз электрондық платформа құру және активтерді іздеу мен қайтару үшін заманауи ІТ-құралдарды енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар, отырыс аясында Ұлыбритания, АҚШ, Швейцария, Латвия, Канада, Египет, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Дүниежүзілік Банктің ұрланған активтерді (StAR) қайтару жөніндегі бастамасы, Еуроюст, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияның (IACA) және бірқатар басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
Бұл байланыстар активтерді қайтару саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.