✅ Ағымдағы жылдың 19–20 маусымы аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілдері Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен «Цифрлық трансформация дәуіріндегі құқық қорғау қызметіндегі заманауи қауіптер мен сын-қатерлер» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
▶️ Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Құқық қорғау академиясы ұйымдастырды.
Оның мақсаты киберқылмыспен күрес, киберкоррупцияға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, сондай-ақ құқық қорғау органдары өкілдерінің арасында тәжірибе алмасу болып табылады.
Конференцияға Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Еуропа елдерінің халықаралық ұйымдарының, білім беру мекемелерінің және құзыретті органдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде цифрлық криминалистика құралдары мен әдістерін қолданудың заманауи үлгілері мен практикалық тәжірибесі, киберқылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру жөніндегі қызметті жетілдіру мәселелері, сондай-ақ цифрлық криминалистиканы дамытудың қазіргі проблемалары мен перспективалары талқыланды.
Өз кезегінде, Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің өкілдері «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі тетіктері, ведомствоның қызмет бағыттары, жұмыс нәтижелері, сондай-ақ қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы ақпаратпен бөлісті.
Іс-шараның соңында шет мемлекеттердің және ЕҚЫҰ-ның өкілдері Орталық Азия елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Жақын арада конференцияға қатысушылардың тезистері мен мақалалары жинақталған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағын жарыққа шығару жоспарлануда.
Аталған іс-шара елдер арасындағы тәжірибе алмасудың және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды.