Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің өкілі Баку қаласында (Әзірбайжан) өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарының Globe Network жаһандық желісінің алтыншы пленарлық отырысына қатысты.
Іс-шараға Еуропа, Солтүстік және Латын Америкасы, Азия мен Африка елдерінің активтерді қайтару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдарының қызметкерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Пленарлық отырыста осы желі аясында іске асырылған іс-шаралар және алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.
Сонымен қатар, қатысушыларға арналған тренингтер өткізілді. Оның барысында олар активтерді қайтару саласында Globe Network желісі арқылы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесімен бөлісті.
Шара аясында ARIN-WCA (Батыс және Орталық Азия елдерінің активтерді қайтару жөніндегі желісі) мүшелері мен бақылаушыларының «Желі аясындағы ынтымақтастықты нығайту» тақырыбындағы отырысы өтті.
Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырып, тікелей байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, келесі пленарлық отырыс 2026 жылы Румынияда өтеді.