Күршім аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жария тыңдаудың ХАТТАМАСЫ

Күршім аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жария тыңдаудың ХАТТАМАСЫ

Күршім аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жария тыңдаудың

ХАТТАМАСЫ

 

Күршім ауылы                                                       14.08.2023 жыл

 

Төрағалық етуші – Ляззат Кумаркызы Кумарова - депутаттық өкілеттік, этика, заңдылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы.

Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының жария тыңдауына аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат төрағасы Бахтияров Қ.Т., аудан әкімі Акышов А.Т., мемлекеттік органдардың басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауданның қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауылдық округтердің ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауданның жастар ресурстық орталығының директоры, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты

Күн тәртібі:

 1.Күршім ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгізу туралы.

         Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Зайнолдабекұлы Әзімбаевқа берілді.

       Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 17 маусымдағы Түркістан қаласында өткен «Әделетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық Құрылтайының екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес Марқакөл ауданын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

1997 жылы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Марқакөл ауданы таратылып, Күршім ауданына қосылды.

Марқакөл ауданында 5 ауылдық округ (30 ауыл) болды, жалпы аумағы 1102,9 мың га, Күршім ауданында 7 ауылдық округ (31 ауыл) болды, жалпы аумағы 1217,0 мың га.

Қазіргі уақытта Күршім ауданына 12 ауылдық округ, оның ішіне 44 ауыл кіреді. Ауданның аумағы 2319,9 мың га. Халық саны 22367 адам, оның ішінде Күршім өңірінде 7 ауылдық округ (58,3%), 21 ауыл (47,7%), халық саны 14782 адам (66,1%), Марқакөл өңірінде 5 ауылдық округ (41,7%), 23 ауыл (52,3%), халқы 7585 адам (33,9%).

Аудан экономикасы ауылшаруашылық және өнеркәсіптік бағытқа ие.

        Ауданның табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, мал шаруашылығы көпсалалы дамуға ие болды (мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы, марал шаруашылығы және ара шаруашылығы) және осы саланың дамуына барлық алғышарттар қарастырылған.

 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 4), 7) тармақшаларына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6, 31-баптарына және халықтың пікірін ескере отырып, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатына және Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданын бөлу жолымен төмендегідей әкімшілік-аумақтық бірліктер құруға ұсыныстар енгізуді ұсынылады:                                                                                        1) Күршім ауданы әкімшілік орталығы Күршім ауылында, Күршім, Алғабас, Топтерек, Бурабай, Қойтас,  Теректыбұлақ, Ақсуат, Жолнұсқау, Аманат, Қаратоғай, Ақши, Егіндібұлақ, Құйған, Қайыңды, Қайнар, Маралды, Қыстау-Күршім, Үшбұлақ, Сарыөлең, Барақ-батыр, Бірлік елді мекендерінің шекараларында, жалпы көлемі 1217,0 мың гектар, ауданды Шығыс Қазақстан облысының құрамына енгізу;

2) Марқакөл ауданы әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында, Марқакөл, Қарашілік, Ақжайлау, Былғарытабыты, Қарой, Қайнарлы, Ақбұлақ, Күнгей-Бөкенбай, Теріскей-Бөкенбай, Боран, Жиделі, Жаңаауыл, Игілік, Қазақстан, Қалжыр, Оң Жақ – Қалжыр, Тақыр, Шеңгелді, Төсқайың, Шанағаты, Бұғымүйіз, Ұрынхайка, Балықтыбұлақ елді мекендерінің шекараларында, жалпы көлемі 1102,9 мың гектар, ауданды Шығыс Қазақстан облысының құрамына енгізу.

          Мәселені талқылау барысында Күршім ауданының Қоғамдық кеңесінің төрайымы Гүльнар Қасымғазықызы Қожахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Адайұлы Ақтекенов, Марқакөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әскербек Мұқайсаұлы Наурызбаев, Күршім ауданының «Құрметті азаматы» Жанат Зайнолдабекұлы Әзімбаев, зейнеткер Амантай Шорманұлы  Иқамбаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрсовет Қайырұлы Қайыров өз сөзінде Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданын екі дербес ауданға бөлу ұсынысын қолдады.

         Аудан әкімі Алмат Талғатұлы Ақышов өз сөзінде, 2023 жылғы 17 маусымда Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе – шекаралық аймақтарды  дамыту екенін атап көрсетті. Президентіміздің Күршім ауданынан Марқакөл ауданын бөлу туралы Ұлттық құрылтайдағы қабылдаған шешімі - аудан тұрғындары үшін үлкен тарихи сәт болды, - деп атап көрсетті.

        Алдағы уақытта шекаралық аймақ – Марқакөл ауданын қайта құрып, әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамытып, көші-қонды тұрақтандырып, бай табиғатымызды, туризмді дамытып, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді дәріптеп, ауданымызды гүлдендіре түсейік. Марқакөл ауданының жеке аудан болып құрылу жолында барлығымыз бірлесіп қызмет атқарып, оң шешімдер қабылдап, мақсатымызға жетейік. Бүгінгі қоғамдық тыңдауда талқыланған мәселе бойынша түскен ұсыныстарды әрқайсыларыңыз тұрғындарға дұрыс жеткізеді деген ойдамын деп өз сөзін аяқтады.

             Күн тәртібін қарау қорытындысы бойынша төрағалық етуші Л.К.Кумарова депутаттардан қаралып отырған сұрақ бойынша дауысқа салуды ұсынды.

             Дауыс беру қорытындысы бойынша, Күршім ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс аудандық мәслихат депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.

             Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай ақ олардың атауларының транскипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 қаулысының 7 тармағына сәйкес осы жария тыңдаулың хаттамасы жергілікті атқарушы және өкілді органдардың интернет-ресурстарында және аудандық «Рауан-Заря» газетінде жариялансын.

   Бұл мәселе сессияның қарауына шығарылсын.

 

 

Төрағалық етуші                                                             Л.Кумарова