2025 жылдың 28 мамырында Курчатов қалалық мәслихатының төрайымы Г.М. Хусайнованың, Курчатов қаласы әкімі орынбасарының м.а. Б.С. Жолдахметтің, «НУРДИН» ЖК басшысы Е.Б. Бытебаевтың қатысуымен қалалық мәслихаттың бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті.
Комиссия отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму, қоқыс полигонын күтіп ұстау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және қаланы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәселелер қаралды.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратын тыңдап, талқылағаннан кейін, тұрақты комиссия ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету мақсатында санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша орындалған жұмыстар, жұмсалған қаржы және қол жеткізілген нәтижелер туралы толық есептерді Курчатов қаласы әкімдігінің ресми сайтында жариялау, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және бөлек жинау мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде және басқа да бірқатар ұсыныстар берді.
Курчатов қалалық мәслихаты