Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймыз!

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймыз!

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимованың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған құттықтауы

 

Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі

 

Құрметті қазақстандықтар!

Жеңіс күні – ХХ ғасырдағы миллиондаған адамның ерлігі, төзімділігі мен жанқиярлығының символы. Бұл – майдан шебінде шайқасқан, тылда еңбек еткен, азапты еңсеріп, Жеңіске және жарқын болашаққа сенген жандарды еске алу күні.

Біздің еліміз Ұлы Жеңіске баға жетпес үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан миллионнан астам адам майданға аттанды. Жерлестеріміздің ерліктері нағыз патриотизмнің үлгісіне айналды.

Ерлермен қатар әйелдер де шайқасты. Әйелдер, қариялар мен балалар тылда тынымсыз еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және техникамен қамтамасыз етті. 700 мыңнан астам адам еңбек әскерлерінің құрамында стратегиялық нысандарды салып, зауыттарда жұмыс істеді. Қазақ КСР аумағына 1,5 миллионнан астам адам эвакуацияланды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс әділеттің, рух беріктігі мен халықтар бірлігінің салтанаты болды.

Біз ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз, Отан мен бейбіт өмір үшін жанын қиғандарды құрметпен еске аламыз.

Батырларға тағзым ете отырып, Жеңістің мәңгілік құндылықтары – бейбітшілік, келісім, еркіндік пен қадір-қасиетті тағы да дәріптейміз. Бұл қағидалар Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тауып, дамуымыз бен бірлігіміздің берік негізіне айналған.

Батырларымыздың ерлігі мен патриотизмі сіздерді әрдайым игі істерге шабыттандырсын, ал шаңырағыңызда бейбітшілік пен береке орнасын!