Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) баяндамашысы, ЕКПА-ның саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің мүшесі, Венгрия Парламентінің депутаты Жолт Неметпен кездесу өткізді.
Кездесуге Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов пен судья Роман Подопригора, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты.
Әңгімелесу барысында тараптар 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижелерін, Қазақстанның адам құқықтары мен құқық үстемдігі саласындағы міндеттемелерін орындауын, сондай-ақ Конституциялық Соттың Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін талқылады.
Кездесу барысында Эльвира Азимова қонақты азаматтардың өтініштері бойынша конституциялық бақылау органы қабылдаған кейбір қорытынды шешімдермен таныстырды.
Өз тарапынан Жолт Немет жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістерге оң баға беріп, ЕКПА-ның Қазақстанмен, оның ішінде құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау мәселелерінде ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.