Конституциялық Сотта сот төрелігіне қол жеткізу және нормативтік қаулыларды іске асыру мәселелері талқыланды

Конституциялық Сотта сот төрелігіне қол жеткізу және нормативтік қаулыларды іске асыру мәселелері талқыланды

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Конституциялық Сотта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Сараптамалық кеңесімен бірлесіп ұйымдастырылған Ғылыми-консультативтік кеңестің бесінші отырысы өтті.

Отырысқа Парламент депутаттары, Конституциялық Соттың судьялары, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Сот әкімшілігінің, Құқық қорғау органдары академиясының, Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері, сондай-ақ құқық саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе қылмыстық іс жүргізу саласындағы әділ сотқа қол жеткізу аспектілеріне арналды. Бұл тақырыпта Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ахпанов А.Н. және Maqsut Narikbayev University провосты, заң ғылымдарының кандидаты Пен С.Г. баяндама жасады.

Екінші мәселе Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Соттың жыл сайынғы жолдауы жобасын талқылау болды. Бұл жөнінде қатысушыларды Конституциялық Сот Аппаратының өкілі таныстырды.

Үшінші мәселе нормаларды Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп тану жөніндегі нормативтік қаулылардың салдары мен оларды іске асыру шараларына арналды. Бұл аспектілерге талдау жасап, баяндама жасағандар: Нархоз университетінің Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер институты жанындағы Конституциялық экономика орталығының директоры, заң ғылымдарының докторы Малиновский В.А. және Maqsut Narikbayev University-дің PhD дәрежелі профессоры Хасенов М.Х.

Отырыс барысында қатысушылар сындарлы пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылап, заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Талқылау қорытындысы бойынша Ғылыми-консультативтік кеңестің ұсынымдары мүдделі мемлекеттік органдарға нормашығармашылық қызметінде ескеру үшін жолданатын болады.