Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
2025 жылғы 25-26 сәуірде Стамбұл қаласында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов пен судья Еркін Оңғарбаев «XXI ғасырдағы конституциялық әділеттің болашағы» халықаралық симпозиумға қатысты. Шара Түркия Конституциялық Сотының 63 жылдығына арналды.
Шараға 35 елдің конституциялық бақылау органдарының төрағалары мен судьялары, сондай-ақ аймақтық және тілдік топтардың өкілдері – атап айтқанда, Еуропа конституциялық соттарының конференциясы, Азияның конституциялық соттары мен теңестірілген институттар қауымдастығы, Түркі әлемінің конституциялық юрисдикциялары конференциясы және тағы басқа ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот, Африка адам және халық құқықтары соты мен Халықаралық қылмыстық сотты қоса алғанда 7 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.
Симпозиум барысында қатысушылар конституциялық құқық мәселелері мен конституциялық соттардың алдында тұрған жаңа сын қатерлерді талқылады.
Бақыт Нұрмұханов өз сөзінде халықаралық заң қоғамдастығын елімізде жүргізілген конституциялық реформаның қорытындылары, Қазақстанның қайта құрылған Конституциялық Соты қызметінің ерекшеліктері, азаматтардың өтініштерін қарау, олар бойынша қабылданған қорытынды шешімдер және оларды заң шығарушы мен құқық қолданушылардың іске асыруы туралы хабардар етті.
Бұдан бөлек, 27 сәуірде Халықаралық симпозиум аясында Түркі әлемінің конституциялық юрисдикциялары конференциясы (TÜRK-AY) мүшелері кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында Конференция төрағалығын келесі мерзімге Әзірбайжан Республикасы Конституциялық Сотына ресми түрде тапсыру рәсімі өтті.
Симпозиум шеңберінде қазақстандық делегация шетелдік елдердің делегация басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.