Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Азамат Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №545 бұйрығымен бекітілген «Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларының» 44-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен жүгінді.
Ол теміржол көлігіне отырғызу кезінде мүгедектік туралы құжатты қосымша ұсыну Ережесінің талабы Конституцияға қайшы келеді деп есептеді. Мүгедектігі бар Қазақстан азаматтары теміржол көлігіне билеттерді «Мейірім» электрондық жеңілдік картасы негізінде жол жүру құнының 50% жеңілдікпен сатып алады. Сондықтан мәртебені қайта растау, оның пікірінше, кемсітушілік болып табылады.
Конституциялық Сот бұл өтінішті іс жүргізуге қабылдады. Іс жүргізу барысында Бас прокуратура өтінішті зерделеп, «Теміржол көлігі туралы» Заңға Ережелердің қайшылығы туралы қорытындыға келді және бұзушылықты жою туралы уәкілетті органға наразылық жолдады.
Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі 2025 жылғы 11 сәуірде күшіне енген өзгерістер енгізу туралы бұйрық қабылдады және мүгедектігі бар қазақстандық азаматтарды отырғызу кезінде негізсіз қосымша талапты жойды.
Осылайша, конституциялық тексеру тексеру нәтижелері бойынша қорытынды шешім қабылданғанға дейін бұзушылықты проактивті түрде жоюға атқарушы мемлекеттік органды ынталандырды. Ведомстволық бұйрықтағы бұзушылықты жоюға байланысты Конституциялық Сот іс жүргізуді тоқтатты.