Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Б. Нұрмұханов 2025 жылғы 18 сәуірде Өскемен қаласында «Конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету құқықтық мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі ретінде» тақырыбында өткен халықаралық конференцияға қатысты.
Шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған Үкіметтің «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» жоспары аясында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылды.
Конференцияға Мәжіліс депутаты Е. Сайыров, Бас Прокурордың кеңесшісі Т. Адамов, жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, адвокаттар алқасы мен нотариат палатасының өкілдері, сондай-ақ отандық және халықаралық ғылыми қауымдастықтың сарапшылары қатысты. Қатысушылар 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижелерін және оны «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде практикалық іске асыру жолдарын талқылады.
Б. Нұрмұханов өз сөзінде:
«Бүгінде Қазақстан азаматтары қолданыстағы заңнаманың Конституцияға сәйкестігін тексеру құқығын белсенді түрде пайдаланып келеді. 2023 жылдан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарынан – 458 өтініш. Екі жыл ішінде Конституциялық Сот 70 нормативтік қаулы қабылдады және Парламентте еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 2 Жолдау жариялады».
Конференция аясында Конституциялық Сот Аппараты мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум аналитикалық материалдармен алмасуды, құқықтық мәдениет пен конституциялық заңдылықты нығайту мәселелері бойынша бірлескен ғылыми-практикалық шаралар өткізуді көздейді.