БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесу туралы

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесу туралы

Конституциялық Сотта судья Роман Подопригора мен Аппарат қызметкерлерінің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының (БҰҰ АҚЖКБ) өкілдерімен Қазақстанға сапары шеңберінде екіжақты кездесуі өтті. 

Әңгімелесу барысында судья Р.Подопригора қонақтарды елдің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін қазақстандық конституциялық бақылау органының міндеттерімен және өкілеттіктерімен таныстырды.

Кездесуге қатысушылар азаматтардың олар туылған сәттен бастап табиғи және негізгі құқықтары болып табылатын қолайлы қоршаған ортаға экологиялық құқықтары туралы пікірлермен алмасты. Өз кезегінде Роман Подопригора Конституциялық Соттың әлеуметтік салаға қатысты қабылданған нормативтік қаулысы туралы айтты. Онда Үкіметке Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы қолданыстағы заңды қайта қарау ұсынылған. Бұл шешім «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 13-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру қорытындысы бойынша қабылданған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2023 жылғы 19 желтоқсанда Қазақстанның бастамасымен Семей өңірін оңалту туралы қарар қабылдады. Құжат халықаралық қоғамдастықты зардап шеккен халықты емдеу және күту жөніндегі арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ Семей өңірінде экономикалық өсу мен орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерге қосылуға шақырады. Қазақстан Үкіметінің зардап шеккен өңірдің қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдесу үшін ресурстар бөлудегі маңызды рөлі танылады.