Конституциялық Сотта Назарбаев Университетінің студенттеріне арналған дәріс өтті

Конституциялық Сотта Назарбаев Университетінің студенттеріне арналған дәріс өтті

Конституциялық Сотта профессор Нил Коллинз бастаған Назарбаев Университетінің бір топ студентіне интерактивті диалог форматында дәріс өтті.

КС Төрағасы Эльвира Азимова Конституциялық Соттың судьясы Роман Подопригора және Аппараттың бөлім басшысының орынбасары Бекжан Нұртазин конституциялық бақылау органының қызметі және оның құқық үстемдігі мен адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік саясатын ілгерілетудегі рөлі туралы айтып берді.

Конституциялық Соттың судьясы Р.А.Подопригора ұлттық конституциялық бақылау органының даму тарихы және конституциялық іс жүргізудің ерекшеліктері туралы айтты. Баяндамашы Конституциялық Сот шешімдерінде дауланған нормалардың 55%-ын Негізгі заңға сәйкес деп тапқанын, шешімдердің 30%-да түсіндірме бере отырып Конституцияға сәйкес деп, ал 15%-ында конституциялық емес деп танылғанын атап өтті. Азаматтардың даулаған құқық нормаларының қатарына сот төрелігіне, кемсітпеуге қатысты және әлеуметтік құқықтарға байланысты мәселелер болды.

Конституциялық Сот Аппаратының өкілі тыңдаушыларды конституциялық бақылау органының өткен жылғы жұмыс нәтижелерімен таныстырды. Ол ағымдағы жылдың үш айында Қазақстан азаматтарынан мыңнан астам өтініш түскенін, судьялардың қарау сатысында 28 өтініш бар екенін хабарлады.