Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Минскіде өткен халықаралық конференцияға қатысты

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Минскіде өткен халықаралық конференцияға қатысты

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Беларусь Республикасында (Минск қ.) болып, Беларусь Конституциялық Сотының 30 жылдығына арналған «Конституцияның үстемдігі: конституциялық өзгерістер және конституциялық бақылаудың қазіргі заманғы дамуы» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.

Халықаралық диалог алаңы ТМД елдерінің конституциялық бақылау органдарының өкілдерін, Еуразиялық Экономикалық Одақ Сотының және ТМД елдерінің экономикалық соттарының төрағаларын, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдерін біріктірді.

Конференцияда қатысушылардың Беларусьтегі заңнамалық реформалардың нәтижелері, ТМД елдеріндегі конституциялық бақылаудың қазіргі заманғы дамуы, жалпы юрисдикция соттарының жұмысында Конституцияның басымдылығын қамтамасыз ету туралы баяндамалары қаралды, сондай-ақ кең пікір алмасу өтті.

Бақыт Нұрмұханов «Дамудың қазіргі кезеңіндегі Қазақстан Республикасындағы конституциялық бақылаудың эволюциясы» атты баяндамасын оқыды.

Сапар аясында ҚР Конституциялық Сотының өкілі қабылдаушы тараптың Конституциялық Сотының Төрағасымен, судьяларымен және КС Аппаратының басшылығымен екіжақты іскерлік кездесулер өткізді, олардың шеңберінде сот практикасына және өзара сот-құқықтық ынтымақтастыққа байланысты құқықтық мәселелер талқыланды.