Британ-Қазақстан Қоғамдастығы заң тобының ұлықтау шарасы

Британ-Қазақстан Қоғамдастығы заң тобының ұлықтау шарасы

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми Британ-Қазақстан Қоғамдастығы (БҚҚ) заң тобының конституциялық өзгерістер жөніндегі ұлықтау шарасына құттықтау сөз жолдады.

Вебинардың модераторы БҚҚ тобының төрағасы Марк Биир болды.

Қ. Мәми өз сөзінде қазіргі конституциялық реформаның негізгі ережелеріне тоқталды. Ол адам құқықтарын қорғау саласындағы прогрессивті өзгерістерді атап өтті. Бұлар өлім жазасын жою туралы шешімді түпкілікті бекіту, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін нығайту, прокуратура туралы конституциялық заң қабылдау және Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сот болып қайта құру.

Енді біздің елімізде азаматтардың да Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығы болады, заңдардың конституцияға сәйкестігін тексеруге бастамашылық ету құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді.

Жүгіну субъектілерінің тізбесі кең Конституциялық Соттың құрылуы құқықтық мемлекетті нығайтудағы маңызды қадам болады деп ойлаймыз, – деді Қ. Мәми.

Құттықтау сөзді Кеңестің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов жария етті.

Британ-Қазақстан қоғамдастығының төрағасы Руперт Гудман форумға қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, БҚҚ заң тобын құру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Е. Ыдырысов, Қазақстандағы Өкілдік басшысының орынбасары Джонатан Лэйфилд, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э. Азимова және Еуропалық қайта құру және даму банкінің бас заң кеңесшісі Майкл Штраус баяндама жасады.

Вебинар Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы заң және сот мәселелері бойынша қарым-қатынастарды ілгерілетуде Британ-Қазақстан қауымдастығына қолдау көрсету мақсатында құрылған заңгерлік БҚҚ тобының алғашқы ресми іс-шарасы болды.