Конституциялық Сот жер учаскелерінің шекараларына қатысты өтінішті іс жүргізуге қабылдады

Конституциялық Сот жер учаскелерінің шекараларына қатысты өтінішті іс жүргізуге қабылдады

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Жоғарғы Соттың 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағы бесінші абзацының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.

Дауланып отырған ережеге сәйкес, жер учаскелері шекараларының қабаттасуына байланысты дауларды шешу кезінде тарихи қалыптасқан шекараларды негізге алу қажет.

Өтініш берушінің пікірінше, аталған ереже жеке меншік құқығының конституциялық кепілдіктеріне сәйкес келмейді. Сондай-ақ ол Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі болып табылатынын және соттардың қолдануы үшін міндетті екенін атап өтеді. Осыған байланысты мұндай қаулылар Конституцияға сәйкес келуге тиіс және онда кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды шектемеуі қажет деп есептейді.

Конституциялық Сот дауланып отырған ереженің мазмұнын, мақсаттарын және құқық қолдану тәжірибесіндегі маңызын ескере отырып, оның конституциялылығына баға береді.

Конституциялық іс жүргізудің барысы мен қорытындылары туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми интернет-ресурсында және Telegram-арнасында жарияланады.