Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының банкроттық рәсімін жүргізу және банкротты таратуды аяқтау мерзімдерін реттейтін жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш субъектісінің пікірінше, дау айтылып отырған нормалар заңда белгіленген бес жылдық мерзім өткеннен кейін де банкроттық рәсімін жалғастыруға мүмкіндік береді, сол арқылы оның конституциялық құқықтарын бұзады.
Конституциялық Сот Заңның 84-бабы 1-тармағын соттар өтініш субъектісінің ісінде қолданбағанын анықтады. Бұл ретте азаматтың өтінішін конституциялық тексеруге қабылдаудың қажетті шарты – дау айтылып отырған норманың өтініш субъектісінің құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нақты іс бойынша соттың қолдануы болып табылады. Ал Заңның 112-бабының 1-тармағына қатысты өтініш субъектісі оның Конституцияға сәйкес келмейтіні жөнінде жеткілікті құқықтық негіздеме келтірмеген.
Осыған байланысты заңда белгіленген өтінішті қабылдаудың жол берілетін шарттары болмағандықтан, өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданбады.