Конституциялық Сот судьялары ант берді

Конституциялық Сот судьялары ант берді

Ағымдағы жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында тиісті лауазымдарға тағайындалған судьялардың ант беру рәсімі өтті:

Эльвира Азимова – Конституциялық Соттың Төрағасы; Сәкен Абдолла, Лейла Жақаева, Қайрат Жақыпбаев, Айжан Жатқанбаева, Айгүл Қыдырбаева, Қанат Мусин, Бақыт Нұрмұханов, Сергей Скрябин, Аслан Төкиев, Сергей Ударцев – Конституциялық Соттың судьялары.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабына сәйкес Конституциялық Сот Төрағадан және он судьядан тұрады.

Конституциялық Сот – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкіл ел аумағында үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 7-бабына сәйкес Конституциялық Соттың судьялары тағайындалғаннан кейін ант береді.

Конституциялық Сот судьясының анты Конституциялық Сот судьясының міндеттерін адал әрі ар-ожданмен атқаруды, бейтарап болуды және өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағына отырып, оның үстемдігін қамтамасыз етуді міндеттейді.