Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми сайтында баспадан шыққан «Конституциялық сот төрелігі» халықаралық журналының 2026.1 (93) жаңа шығарылымы ұсынылды.
Кезекті шығарылымда Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның конституциялық бақылау органдарының қызметімен құқықтық ұстанымдары туралы өзекті материалдар қамтылған. «Конституциялық бақылау органдарының шешімдері (актілері)» бөлімінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еңбек және сайлау заңнамасы, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу, салықтық реттеу және конституциялық құқықтың басқа да өзекті мәселелері бойынша шешімдер мен олардың түйіндемелері берілген.
Шығарылымда конституционализмді дамытуға және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналған материалдарға ерекше назар аударылған. Жаршыда Конституциялық Соттар төрағаларының мақалалары жарияланып, оларда конституциялық дамудың және конституциялық бақылау органдары қызметінің өзекті мәселелері қарастырылады.
Жеке бөлім Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының тәжірибесіне арналған. Онда бірқатар нормативтік қаулылардың түйіндемелері, Конституциялық Сот қызметін конституциялық реттеудегі жаңашылдықтар және оның нормативтік қаулыларын заңнамалық тұрғыдан іске асыру жөніндегі материалдар қамтылған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты талдаушыларының конституциялық құқық пен конституциялық бақылау практикасының өзекті мәселелеріне арналған мақалалары ұсынылған.
Ғылыми-талдамалық бөлімде конституционализмді дамыту, конституциялық бақылаудың заманауи тәсілдері, конституциялық әділет органдарының өзара іс-қимылы және олардың шешімдерін орындау мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ Amicus Curiae («Сот досы») материалдары, халықаралық іс-шаралар, ғылыми-практикалық конференциялар және конституциялық бақылау органдарының кәсіби өзара іс-қимылы туралы ақпарат жарияланған.
Жаршы конституциялық бақылау органдарының судьялары мен қызметкерлеріне, сот жүйесі мен адвокатура өкілдеріне, ғылыми-сарапшылық қауымдастыққа, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне арналған. Басылым Еуразия өңірі мемлекеттерінің конституциялық сот төрелігінің өзекті практикасымен танысуға және конституциялық-құқықтық мәселелерді шешудегі түрлі тәсілдерді салыстыруға мүмкіндік береді.
Шығарылымның электрондық нұсқасымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ресми сайтында мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/1064120