Конституциялық Сот: бала асырап алу туралы істі сотта қарау шеңберінде ДНҚ сараптамасын жүргізу талабы баланың құқықтарын қорғауға бағытталған

Конституциялық Сот: бала асырап алу туралы істі сотта қарау шеңберінде ДНҚ сараптамасын жүргізу талабы баланың құқықтарын қорғауға бағытталған

Конституциялық Сот әкелігі анықталған адамның жұбайы баланы асырап алу туралы істі сотта қараған кезде молекулалық-генетикалық сараптама қорытындысын ұсынуды көздейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс пен Азаматтық процестік кодекс нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

Өтініш иесі әкелікке қатысты дау болмаған жағдайда соттың ДНҚ сараптамасын талап етуі жеке және отбасылық өмірге қол сұғылмаушылық құқығын, теңдік қағидатын және сот арқылы қорғалу құқығын қозғайды, сондай-ақ баланың ең үздік мүдделерінің басымдығы қағидатына сәйкес келмейді деп есептеген.

Конституциялық Сот бала асырап алу институты баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сот талқылауы барысында тағайындалған молекулалық-генетикалық сараптама әкесімен туыстық байланысты растауға мүмкіндік береді, сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етеді және баланың өз ата-анасын білу құқығын іске асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Конституциялық Сот нақты істің фактілік мән-жайларын қарау және бағалау оның өкілеттігіне жатпайтынын еске салды.

Тиісті құқықтық реттеудің конституциялылығы бұған дейін тексерілгенін және өтініш иесінің құқықтары мен бостандықтарының бұзылу белгілері анықталмағанын ескере отырып, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды.