Конституциялық Сот: бәсекелеспеу туралы шарт еңбек ету бостандығына құқықты бұзбайды

Конституциялық Сот: бәсекелеспеу туралы шарт еңбек ету бостандығына құқықты бұзбайды

Конституциялық Сот жұмыс беруші мен жұмыскер арасында бәсекелеспеу туралы шарт жасасуды реттейтін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 29-бабының 1 және 2-тармақтарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.

Өтініш иесі еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін шектеулер белгілеу мүмкіндігі еңбек ету бостандығына және кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқықтарды қозғайды деп есептеген.

Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 29-бабы шеңберлік сипатқа ие екенін және тараптардың келісімі бойынша бәсекелеспеу туралы шарт жасасу мүмкіндігін көздейтінін атап өтті. Бұл ретте шарттың нақты талаптары мен шектеулерін тараптар заңнама талаптарын ескере отырып айқындайды.

Сонымен қатар шарт талаптарының жарамдылығы, айыппұл өндіріп алу және жұмыс берушіге келтірілген залалдың бар-жоғы туралы мәселелер жалпы юрисдикциядағы соттардың құзыретіне жатады. Сот шешімдерін қайта қарау және істің нақты мән-жайларына баға беру Конституциялық Соттың өкілеттігіне кірмейді.

Осылайша, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдау үшін негіздер анықталған жоқ.