Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) миссия басшысы Винсент Пикет жетекшілік еткен делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда жүргізіліп жатқан, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, Конституцияның үстемдігі қағидатын нығайтуға және жария биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған конституциялық реформаны талқылады.
Миссия өкілдеріне мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, азаматтық қоғам институттарының және ел азаматтарының кеңінен қатысуымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия әзірлеген Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы туралы ақпарат ұсынылды. Конституция жобасын талқылау ашық қоғамдық консультациялар форматында өтіп, азаматтардың ұсыныстарын жинауға арналған цифрлық тетіктер кеңінен қолданылғаны атап өтілді.
Кездесуде азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктеріне және Конституциялық Соттың сайлау процесі саласындағы өкілеттіктеріне ерекше назар аударылды. Конституциялық Сот Конституцияда айқындалған субъектілердің өтініштері бойынша Құрылтай депутаттарын сайлаудың дұрыс өткізілуіне қатысты дауларды қарай отырып, сайлау процесінің заңдылығына конституциялық бақылауды қамтамасыз ететіні айтылды.
Эльвира Азимова Қазақстанның ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келе жатқанын атап өтіп, халықаралық сарапшылық диалогты демократиялық институттарды нығайтудың, сайлау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етудің және конституциялық сот төрелігін одан әрі жетілдірудің маңызды тетігі ретінде қарастыратынын жеткізді.
Кездесуге қатысушылар Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін талқылап, конституциялық бақылау институтын одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конституциялық сот төрелігі, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық пен кәсіби диалогты жалғастыруға өзара мүдделілік танытатынын растады.