
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айгүл Қыдырбаева АХҚО Халықаралық төрелік орталығы ұйымдастырған IV жыл сайынғы Еуразиялық арбитраж апталығына (IAC Eurasia Arbitration Week 2026) қатысты.
Форум халықаралық арбитраж, инвестициялық құқық және коммерциялық дауларды шешу тетіктерін дамыту мәселелерін талқылау мақсатында әлемнің 30-дан астам елінен судьяларды, төрешілерді, ғалымдарды және заң қоғамдастығының өкілдерін бір алаңға жинады.
Айгүл Қыдырбаева өз сөзінде 2026 жылғы 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерін таныстырды.
Еліміздің экономикалық дамуының берік құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған конституциялық нормаларға ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияда заң мен тәртіп үстемдігі, мемлекеттік биліктің тиімді бөлінуі, меншік құқығын қорғау, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру қағидаттары бекітілгені атап өтілді. Бұл қағидаттар инвесторлардың сенімін нығайтуға, халықаралық коммерциялық ынтымақтастықты дамытуға және экономикалық дауларды шешу тетіктерінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Форум барысында қатысушылар халықаралық арбитражды дамытудың қазіргі үрдістерін, инвестицияларды қорғау тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ жаңа технологиялардың трансшекаралық коммерциялық дауларды шешу үдерісіне ықпалын талқылады.