
Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Аппараты Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмыс органы ретінде Комиссия қызметіне қатысты құжаттар мен материалдарды тұрақты мемлекеттік сақтауға Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппаратының Басшысы Бибігүл Асылова, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты.
Мемлекеттік сақтауға Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу барысын қамтитын құжаттар кешені тапсырылды. Оның құрамына Комиссия отырысының, жұмыс топтарының және сараптамалық кездесулердің материалдары мен стенограммалары, сараптамалық және талдамалық материалдар, фото-, бейне- және дыбысқұжаттар, сондай-ақ Ата Заң жобасына қатысты азаматтардан келіп түскен 12 мыңға жуық ұсыныс енгізілген өтініштер кірді.
Аталған құжаттарды тапсырудың маңызды мемлекеттік мәні бар. Олар 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген, Қазақстан мемлекеттілігінің дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан жаңа Конституцияны әзірлеу үдерісінің тарихи-құжаттық айғағы болып табылады.
Тапсырылған материалдар Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құрамына енгізілді. Оларды Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақтау құжаттық мұраның сақталуын қамтамасыз етіп, оны ғылыми, зерттеу, білім беру және тарихи-құжаттық мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік береді.