Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі мен Ұлттық превентивтік тетік мүшелеріне арналған экскурсия

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі мен Ұлттық превентивтік тетік мүшелеріне арналған экскурсия

Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күніне орай Конституциялық Сотта Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі мен Ұлттық превентивтік тетіктің еліміздің өңірлерінен келген мүшелерінің сапары өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар конституциялық бақылау институтының қалыптасу тарихымен, Конституциялық Соттың қызметімен, конституциялық сот ісін жүргізу тетіктерімен және адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерімен танысты. Сондай-ақ олар Конституциялық Соттың музейін аралады.

Қатысушылар Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимовамен кездесті. Ол қатысушыларды құттықтай отырып, кездесудің жаңа Конституцияның күшіне енген күні өтіп отырғанының ерекше мәні бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде орнықтырып, құқықтық мемлекетті одан әрі дамытудың берік негізін қалайды.

Кездесу барысында Конституциялық Сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Конституцияға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие субъектілердің бірі болып табылады. Сонымен қатар оның аппаратының өкілдері азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құқықтық қорытындылар ұсынып, конституциялық іс жүргізуге қатысады.

Қатысушыларға конституциялық сот ісін жүргізу тәжірибесі туралы да ақпарат берілді. Аяқталған 87 конституциялық іс жүргізудің елеулі бөлігі қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты болды. Осыған байланысты «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл +» («УПЧ+») моделі бойынша қызмет жүзеге асыратын Ұлттық превентивтік тетік мүшелеріне өз қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын және жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін нығайтуға ықпал ететін Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын басшылыққа алу ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша өңірлерден келген өкілдер Конституциялық Сотпен практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Олар құқықтық ұстанымдармен алмасудың адам құқықтарын қорғау тиімділігін арттыруға, конституциялық мәдениетті нығайтуға және құқықтық сауаттылықты дамытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті. Іс-шара соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Конституциясының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі арнайы басылымдары табысталды.