Конституциялық Сот бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде табысты есепке алу тәртібін түсіндірді

Конституциялық Сот бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде табысты есепке алу тәртібін түсіндірді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді есептеу тәртібін реттейтін Әлеуметтік кодекстің 85-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш иесі әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде есепке 2025 жылғы қаңтар айындағы нөлдік табысы енгізілгенін көрсетті. Себебі ол осы кезеңде жүктілікке және босануға байланысты демалыста болған. Оның пікірінше, бұл әлеуметтік төлем мөлшерінің төмендеуіне алып келіп, жұмыс істейтін жүкті әйелдер үшін кемсітушілік сипаттағы жағдай қалыптастырған.

Өтініштің уәждері мен қолданыстағы заңнама нормаларын зерделеген Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет екенін, ал Конституция азаматтарға әлеуметтік қамсыздандырылу құқығына, ана мен баланы қорғауға, сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрінің тең болуына кепілдік беретінін атап өтті.

Сот бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде жоғалтқан табыстың бір бөлігін өтеуге бағытталған мемлекеттік қолдау шарасы екенін көрсетті. Сонымен қатар Конституция мұндай төлемдердің мөлшерін айқындау тәртібін заңнамалық деңгейде реттеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік қамсыздандырудың конституциялық кепілдіктерін іске асыру мақсатында заң шығарушы Әлеуметтік кодексте бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем мөлшерін айқындау тәртібін бекіткен.

Әлеуметтік кодекстің 85-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік төлемді есептеу үшін орташа айлық табыс әлеуметтік төлемге құқық туындаған айдың алдындағы соңғы жиырма төрт күнтізбелік ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады. Конституциялық Сот бұл тәртіп бірдей жағдайлар мен мән-жайларда тұрған барлық алушыларға тең дәрежеде қолданылатынын атап өтті.

Сонымен қатар Конституциялық Сот жұмыс берушінің қаражаты есебінен уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуді реттейтін Еңбек кодексінің 133-бабының ережелеріне назар аударды. Аталған нормаға сәйкес жалақы сақталмайтын демалыс кезеңіне сәйкес келетін уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін жәрдемақы төленбейді. Осылайша әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде заңда белгіленген есептік кезең ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген нақты алынған табыстар ғана ескеріледі.

Конституциялық Сот әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібін айқындау мәселелері заңнамалық реттеу саласына жататынын атап өтті. Сондықтан заң шығарушы таңдаған есептеу тетігінің орындылығы мен мазмұнын бағалау, егер конституциялық кепілдіктер заңнамада тиісінше көрініс тапқан болса, конституциялық бақылау нысанасына жатпайды.

Бұдан бөлек, Конституциялық Сот балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті екенін, ал неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны жөніндегі бұрын қалыптастырылған құқықтық ұстанымын еске салды.