Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотына зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер кәсіптерінің тізбесін қолдануға қатысты өтініш келіп түсті. Аталған қызметкерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) аударылады.
Өтініш беруші зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс кезеңдерін есепке алудың ерекшеліктеріне байланысты МКЗЖ төлеу өтілін қалыптастыру кезінде теңдік қағидаты мен әлеуметтік қамсыздандыру құқығының бұзылуы мүмкін екенін көрсеткен.
Өтінішті алдын ала зерделеу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот оны конституциялық іс жүргізу тәртібімен қарауға негіздердің жоқ екендігі туралы қорытындыға келді. Себебі келтірілген дәлелдер нақты мән-жайларды бағалауға және уәкілетті мемлекеттік органдар мен жалпы юрисдикция соттарының құзыретіне жататын салалық құқықтық реттеуді қолдануға қатысты.
Сонымен қатар Конституциялық Сот Конституцияның әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретінін, ал оны іске асырудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен айқындалатынын түсіндірді.
Әлеуметтік кодекске сәйкес зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді. Сондай-ақ кодексте тиісті кәсіптер тізбесін бекіту жөніндегі өкілеттік уәкілетті мемлекеттік органға берілген.
Конституциялық Сот аталған тізбе орындалатын еңбек функцияларына, зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс ұзақтығына, жұмыс орнының ерекшеліктеріне және өзге де көрсеткіштерге байланысты салалық өлшемшарттар негізінде қалыптастырылатынын атап өтті. Еңбек жағдайларын айқындау мәселелері салалық құқықтық реттеу аясына жатады және тікелей конституциялық реттеудің нысанасы болып табылмайды.
Бұдан бөлек, Конституциялық Сот нақты әлеуметтік қамсыздандыру түрлерін ұсынудың негіздері мен шарттарын айқындау кезінде объективті әрі әлеуметтік тұрғыдан негізделген өлшемшарттар болған жағдайда азаматтардың құқықтарын саралауға жол берілетіні туралы бұрын қалыптастырылған құқықтық ұстанымын растады.