Конституциялық Сот Еңбек кодексі мен құқық қорғау қызметі туралы заңнама нормаларының арақатынасын түсіндірді

Конституциялық Сот Еңбек кодексі мен құқық қорғау қызметі туралы заңнама нормаларының арақатынасын түсіндірді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

Конституциялық Сотқа «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметін тоқтатудың жекелеген мәселелерін реттейтін 81-бабының 6-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш материалдарына сәйкес, өтініш беруші арнайы заңнамада көзделген негіз бойынша ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған. Қызметтен босатумен келіспеген ол сотқа жүгініп, тиісті бұйрықтың бала күтіміне байланысты демалыста жүрген кезінде шығарылғанын көрсеткен, сондай-ақ жұмыста болмаған кезеңдегі кепілдіктерді көздейтін еңбек заңнамасының ережелеріне сілтеме жасаған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.

Өтініш берушінің пікірінше, даулы норма оның теңдікке, денсаулығын қорғауға және балаға қамқорлық жасау мүмкіндігіне қатысты конституциялық құқықтарын бұзады.

Өтінішті алдын ала зерделеу қорытындысы бойынша Конституциялық Сот құқық қорғау қызметі жария-құқықтық сипатқа ие және мемлекеттің конституциялық маңызы бар функцияларын орындауға бағытталған мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты заң шығарушы қызмет өткерудің, оны тоқтатудың арнайы шарттарын, сондай-ақ осыған байланысты шектеулер мен кепілдіктерді белгілеуге құқылы.

Сот Еңбек кодексінің 144-бабына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызмет саласындағы қатынастар еңбек заңнамасымен, арнайы заңдарда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып реттелетінін көрсетті. Бұл аталған санаттағы адамдардың қызмет өткеруі мен қызметін тоқтату мәселелері ең алдымен құқық қорғау қызметі туралы заңнамамен айқындалатынын білдіреді.

Дауланып отырған норма қызметкерді демалыста немесе емделуде болған кезеңде қызметтен шығаруға жол берілмейтіні туралы жалпы қағиданы бекітеді, сондай-ақ заңда көзделген қызметтен босатудың жекелеген негіздері бойынша осы қағидадан ерекшеліктерді белгілейді. Осылайша заң шығарушы құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оны тоқтатудың арнайы тәртібін айқындаған.

Конституциялық Сот сондай-ақ өтініш берушінің уәждері мәні бойынша істің мән-жайларына құқықтық баға берген жалпы юрисдикция соттарының сот актілерімен келіспеушілікке келіп тірелетінін атап өтті. Ал Конституциялық Сот сот шешімдерін қайта қарамайды және нақты мән-жайларға баға бермейді, өйткені заңға сәйкес ол тек құқық мәселелерін ғана қарайды.

Өтінішті алдын ала зерделеу нәтижелері бойынша Конституциялық Сот өтініш берушінің конституциялық құқықтарының бұзылғаны туралы қорытынды жасауға негіздер анықтамады.