Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сотқа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті. Аталған нормаға сәйкес, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кассациялық тәртіппен шағымдану және кассациялық сатыдағы іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларымен айқындалады.
Өтініш беруші микроқаржы ұйымының пайдасына берешекті өндіріп алу туралы іс бойынша қабылданған сот актілеріне дау айтқан. Алайда бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар Азаматтық процестік кодексте белгіленген кассациялық шағымдану тәртібін негізге ала отырып, оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш берушінің пікірінше, даулы норма сот арқылы қорғалу құқығын және заң мен сот алдындағы теңдік қағидатын бұзады.
Өтініштің уәждерін қарай отырып, Конституциялық Сот сот актілерімен келіспеудің өзі құқықтық норманың конституциялық емес екенін білдірмейтінін атап өтті.
Конституцияның 13-бабында кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығы өтініш беруші тарапынан толық көлемде іске асырылған, ал оның уәждері барлық сот сатыларында қаралған.