Конституциялық Сотқа ЮНИСЕФ-тің жас еріктілері келді

Конституциялық Сотқа ЮНИСЕФ-тің жас еріктілері келді

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Астана, 2026 жылғы 1 маусым

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) жас еріктілерінен құралған делегация келді. Құрамында елорда мектептерінің 30 оқушысы болған шара Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Coventry University-мен бірлесіп ұйымдастырылып, ашық диалог форматында өтті.

Қатысушылар үшін Конституциялық Сот ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар сот отырыстары залын, судьялар мен талдаушылардың кабинеттерін, сондай-ақ Конституциялық Сот музейін аралап көрді. Олар Конституциялық Соттың құрылу және даму тарихымен танысып, еліміздің Ата заңының маңызы мен оның адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудағы рөлі туралы білді.

Кездесу барысында оқушылар Конституциялық Соттың қызметіне жоғары қызығушылық танытып, судья мен талдаушы мамандықтары, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі және конституциялық бақылау органының жұмыс ерекшеліктері туралы белсенді түрде сұрақтар қойды. Сонымен қатар еріктілік қызмет пен жастардың қоғамды дамытудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Бағдарлама Мәжіліс залында өткен «сұрақ-жауап» форматындағы ашық пікірталаспен жалғасты.

Шараны ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова қатысушыларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева қатысушыларды балалардың құқықтарын қорғау саласында қабылданған Конституциялық Сот шешімдерімен таныстырып, баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету қағидатына және өскелең ұрпаққа ерекше қамқорлық көрсетудің маңыздылығына тоқталды.

Жас еріктілерге Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілі Мұстафа Рашед Сарвар мен Coventry University президенті Мирас Дәуленов құттықтау сөз арнады.

Конституциялық Соттың Төрағасы жас ұрпақпен кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, бүгінгі балалар мен жасөспірімдер болашақта Жаңа Конституция жағдайында өз құқықтарын жүзеге асырып, азаматтық міндеттерін орындайтынын айтты. Ол конституциялық реформа, Конституциялық Соттың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы және құқықтық мемлекетті дамытудағы конституциялық құндылықтардың рөлі туралы әңгімеледі.

Төраға Жаңа Конституцияның адам әлеуетін дамытуға бағдарланғанын атап өтті. Онда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияларға ерекше мән берілген.

Эльвира Азимова сондай-ақ еріктілік қозғалыстың маңызын және жастар арасында еріктілік мәдениетті одан әрі ілгерілету қажеттігін ерекше атап өтті. Ата заңды білу әр азаматқа өз құқықтары мен міндеттерін түсінуге, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуге және құқықтық мәдениет пен жауапты азаматтықтың негіздерін қалыптастыруға көмектеседі.

Кездесу жастармен Конституцияның рөлі мен адам құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде ашық пікір алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.