
Қазақстандағы конституциялық реформалар Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимованың Францияның халықаралық қатынастар институтының (IFRI) негізін қалаушы әрі президенті, сондай-ақ Дүниежүзілік саяси конференцияның төрағасы француз саясаттанушысы Тьерри де Монбриальмен кездесуінің негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Кездесу барысында тараптар конституциялық сот төрелігін дамытудың заманауи үрдістерін, мемлекеттік институттарды жетілдіру мәселелерін және саяси-құқықтық реформаларды одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Әңгіме барысында Қазақстанның конституциялық өзгерістер саласындағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Эльвира Азимова Ата заңды реформалау жөніндегі жұмыстар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның рөлі және жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің қоғам тарапынан қабылдануы туралы айтып берді. Оның айтуынша, әділеттілікке деген сұраныс, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен құқық үстемдігін нығайту қоғам үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Тьерри де Монбриаль Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту тетіктеріне қызығушылық танытты. Талқылау барысында мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, билік тармақтарының өзара іс-қимылы, саяси лауазымдарға тағайындау ерекшеліктері, сондай-ақ қоғамдық диалог алаңы ретіндегі Ұлттық құрылтайдың қызметі сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар заманауи құқықтық және саяси институттарды дамыту мәселелері бойынша сараптамалық пікір алмасуды жалғастыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.