
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне бір айдан сәл астам уақыт қалды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің конституциялық қағидаттар мен нормаларды түсінуі және оларды қызметтік тәжірибеде қолдану тәсілдері ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Аталған мәселелерге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Конституция – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың құралы: құндылықтар мен нормалар» тақырыбындағы ғылыми-практикалық семинар арналды. Шара барысында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Шәмілұлы Борчашвили баяндама жасады.
Өз сөзінде Конституциялық Соттың Төрағасы 2026 жылғы конституциялық реформаның тұжырымдамасын жан-жақты таныстырды.
Семинар қатысушыларына жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезеңдеріне шолу жасалып, жұмыс топтарының қызметі, азаматтардың ұсыныстарын жинауға арналған онлайн-платформалардың жұмысы, қоғамдық талқылауларды өткізу және республикалық референдумға дайындық барысы туралы ақпарат берілді. Конституциялық өзгерістерді талқылау үдерісіне азаматтардың жоғары деңгейде қатысуына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және билік тармақтарының бөліну қағидатын одан әрі дамытуға бағытталған жаңа Конституцияның негізгі ережелері қарастырылды. Атап айтқанда, Вице-президент институтын енгізу, бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, Қазақстан Халық Кеңесін құру, сондай-ақ Конституциялық Соттың тәуелсіз конституциялық бақылау органы ретіндегі рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстар сөз болды.
Презентация барысында конституциялық құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттары да кеңінен ашып көрсетілді. Адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы өзгерістерге, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы қағидаттарының мызғымастығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қабылдаған халықаралық міндеттемелеріне адалдығына ерекше назар аударылды.
Конституциялық жаңалықтарды іс жүзінде іске асыру және олардың мемлекеттік органдар қызметіне ықпалы жөніндегі мәселелер аудиторияның зор қызығушылығын тудырды. Талқылау барысында жаңа Конституция ережелерін тиімді енгізу құқықтық мәдениет деңгейіне, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығына және құқық қолдану қызметінде конституциялық қағидаттарды дәйекті сақтауға тікелей байланысты екендігі атап өтілді.
Профессор Исидор Борчашвили Академияның кітапхана қорына білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінде пайдалану үшін өзінің «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсіндірме» атты ғылыми басылымдарын табыс етті.
Кездесу қорытындысында Конституциялық Соттың Төрағасы конституциялық реформаның мақсаты демократиялық институттарды нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.