Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес әкімшілік сот төрелігіне қол жеткізу мәселелерін талқылады

Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңес әкімшілік сот төрелігіне қол жеткізу мәселелерін талқылады

2026 жылғы 29 мамырда Астанада Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жанындағы Ғылыми-консультативтік Кеңестің жетінші отырысы өтті.

Ғылыми-консультативтік кеңес Конституциялық Сот жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган болып табылады, оның мүшелері сот қарайтын мәселелер бойынша ғылыми қорытындылар мен сараптамалық бағалауларды дайындау үшін конституциялық іс жүргізуге қатысуға тартылады.

Конституциялық бақылау органдарының ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен өзара іс-қимылы конституциялық-құқықтық доктринаны дамытуға және құқық қолдану қызметін жетілдіруге ықпал ететін кең таралған халықаралық практика болып табылады.

Отырысқа ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, Парламенттің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова өз баяндамасында мемлекеттің конституциялық негіздерін нығайтудың, құқық үстемдігі қағидаттарын дамытудың және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

2026 жылғы конституциялық реформаны іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл реформа адамға бағдарланған мемлекет моделін нығайтуға, сот арқылы қорғалу кепілдіктерін кеңейтуге және конституциялық бақылау институтының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Ғылыми-консультативтік кеңестің қызметі аясындағы халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Дипломатиялық корпус өкілдері құқық үстемдігі саласындағы Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, адам құқықтарын қорғау институттарын нығайтудың және сот-құқықтық жүйені жетілдірудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Конституциялық Соттың Конституцияны, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы аса маңызды институт ретіндегі рөлі ерекше аталып өтті.

Отырыстың негізгі тақырыбы әкімшілік сот ісін жүргізудегі сот төрелігіне қол жеткізу мәселелері болды.

Баяндамалармен Конституциялық Сот Аппаратының Талдау және конституциялық іс жүргізу бөлімі меңгерушісінің орынбасары Асет Балғынтаев, Maksut Narikbayev University Әкімшілік және неміс құқығы ғылыми мектебінің директоры, заң ғылымдарының докторы Роман Мельник, Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамының «FELICITY II» жобасының құқық жөніндегі сарапшысы, заң ғылымдарының кандидаты Алмат Габбасов, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Әділет академиясының мемлекеттік-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры, заң ғылымдарының докторы Лейла Жакаева, Dentons халықаралық заң фирмасының серіктесі, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Кенжебаева, сондай-ақ Жоғарғы Сот судьялары мен өзге де қатысушылар сөз сөйледі.

Отырыс барысында әкімшілік процестегі норма бақылауы институтын дамытуға, сот арқылы қорғалу құқығының конституциялық-құқықтық негіздеріне, оны шектеуге жол берілу мәселелеріне, сондай-ақ жария-құқықтық қатынастарды айқындау мен әкімшілік сот төрелігіне қол жеткізу шарттарының проблематикасына арналған баяндамалар ұсынылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Соттың жыл сайынғы Жолдауы жобасын талқылауға ерекше назар аударылды. Аталған жобаны Конституциялық Сот Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаров таныстырды.

Отырысты қорытындылай келе, Эльвира Азимова Ғылыми-консультативтік кеңестің Конституциялық Сот қызметіне және конституциялық-құқықтық доктринаны дамытуға қосқан үлесін атап өтті. 2023-2026 жылдар аралығында Конституциялық Сотқа азаматтардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оларды қарау нәтижесінде заңнаманы дамытуға және құқық қолдану практикасына елеулі ықпал еткен 79 нормативтік қаулы қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық құқықтарды қорғау тиімділігін арттыру, құқықтық ғылымды дамыту және мемлекеттің құқықтық жүйесін жетілдіру мақсатында Конституциялық Соттың ғылыми қауымдастықпен және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылын одан әрі нығайту қажеттігін қолдады.

Конституциялық Соттың Төрағасы Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелерінің Сот қызметіне қатысуының жаңа форматын ұсынды. Бұл формат конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер бойынша сараптамалық қорытындылар дайындауды көздейді.