Конституциялық Сот жаңа Конституция мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда

Конституциялық Сот жаңа Конституция мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің алаңында Конституциялық Сот, Білім және ғылым министрлігі және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекетті дамыту» ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға өңірдің жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, сот жүйесінің, құқық қорғау құрылымдарының, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектордың өкілдері қатысты. Конференцияны облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, конституциялық реформалардың мемлекеттілікті нығайту мен Әділетті Қазақстанды құрудағы ерекше маңызын атап өтті.

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов өз сөзінде жаңа Конституция қоғам мен мемлекетті дамытудың жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтіп, адам құқықтарының цифрлық кепілдіктерін бекіту, адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту секілді негізгі конституциялық жаңашылдықтарға жан-жақты тоқталды.

Конференцияға қатысушылар Парламент депутаттары, Конституциялық Соттың, мемлекеттік органдар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері — жаңа Конституция жағдайындағы мемлекеттік билікті ұйымдастыру, сайланбалы институттарды дамыту, ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы, сондай-ақ Қазақстандағы өкілді билік жүйесін одан әрі трансформациялау мәселелерін талқылады.

Шара барысында «Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясы» студенттердің онлайн-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар, Бақыт Нұрмұханов пен Конституциялық Сот Аппаратының аналитика бөлімінің меңгерушісі Амир Омаров «Конституцияның үстемдігі және конституциялық іс жүргізудегі Amicus Curiae құқықтық институтын дамыту» тақырыбында тренинг өткізді.

Жұмыс сапары аясында Конституциялық Сот өкілдері сондай-ақ NIS мектебі мен «Үміт» балалар үйіне барып, оқушылармен және тәрбиеленушілермен кездесті. Ашық диалог барысында жаңа Конституцияның негізгі ережелері, сайланбалы институттарды дамыту және азаматтардың қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдаудағы рөлі талқыланды.

«Үміт» балалар үйіндегі тәрбиеленушілер арасынан сайланатын басқару органдары жұмыс істейтін балалардың өзін-өзі басқару жүйесімен танысу ерекше қызығушылық тудырды. Балалар өздерінің өзін-өзі басқару ұйымының жұмысы, мекеменің күнделікті өміріне қатысты мәселелерді шешуге қатысуы, әкімшілікпен өзара іс-қимылы және өз бастамаларын жүзеге асыруы туралы айтып берді. Кездесу барысында Конституциялық Сот өкілдері жастардың жауапкершілік, көшбасшылық және шешім қабылдау процесіне қатысу дағдыларын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл қасиеттер демократиялық қағидаттар мен конституциялық құндылықтардың негізін құрайды.