Конституциялық Соттың Төрағасы V Еуразиялық экономикалық форум аясында сөз сөйледі

Конституциялық Соттың Төрағасы V Еуразиялық экономикалық форум аясында сөз сөйледі

2026 жылғы 28 мамыр, Астана — V Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық одақ Соты мен Еуразиялық экономикалық комиссиясы бірлесіп ұйымдастырған «Цифрлық трансформация жағдайындағы ЕАЭО құқығы және Одақ Сотының қызметі: даму әлеуеті» атты панельдік сессия өтті.

Сессия модераторы ретінде ЕАЭО Соты Төрағасының орынбасары Асқар Кішкембаев сөз сөйледі.

Шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова, ЕАЭО Сотының Төрағасы Алексей Дронов, ЕАЭО Сотының судьясы Наталья Павлова, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының, сондай-ақ Беларусь Республикасы мен Қырғыз Республикасының әділет министрліктерінің өкілдері қатысты.

Эльвира Азимова өз сөзінде Одақ құқығын біркелкі қолдану мен түсіндіруді қамтамасыз ететін ұлтүстілік сот органы ретіндегі ЕАЭО Сотының маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен экономикалық қатынастардың трансформациясы жағдайында еуразиялық интеграция мен интеграциялық сот төрелігінің өзектілігі айрықша арта түсуде. Бұл өзгерістер ұлттық және ұлтүстілік институттардан жоғары жеделдікті, тұрақтылықты және жаңа тәуекелдерге уақтылы әрекет ету қабілетін талап етеді.

Азимова интеграциялық үдерістердің орнықты дамуы тек ұлтүстілік ынтымақтастық тетіктері мен қатысушы мемлекеттердің конституциялық негіздері арасындағы теңгерім сақталған жағдайда, олардың конституциялық бірегейлігіне, ұлттық мүдделері мен негізгі құндылықтарына құрмет көрсетілген кезде ғана мүмкін болатынын атап өтті. Әрбір мүше мемлекет өз басымдықтарын, ең алдымен қоғам мен азаматтардың экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету міндетін сақтайды, бұл ЕАЭО мақсаттарына толық сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға ерекше назар аударылды.

Азимова жаңа Ата заң конституциялық егемендіктің кепілдіктерін күшейтіп, халықаралық және интеграциялық институттармен өзара іс-қимылдың заманауи тәсілдерін бекіткенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымы халықаралық міндеттемелерді орындау және интеграциялық үдерістерді іске асыру мәселелері конституциялық қағидаттар мен ұлттық мүдделер тұрғысынан қаралуы тиіс дегенге саяды; интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде ЕАЭО шеңберінде қабылданатын шешімдер ұлттық конституциялардың ережелерімен үйлесуі қажет.

Төрағалық етуші тарап ретінде Қазақстан цифрландыруды Одақ жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Эльвира Азимова цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің саудаға, өнеркәсіптік кооперацияға, көлік-транзиттік тасымалдарға және ЕАЭО туралы шартта көзделген ынтымақтастықтың басқа да салаларына елеулі ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол цифрлық шешімдерді енгізу кезінде тиісті құқықтық кепілдіктердің қажеттігін баса айтты. Жасанды интеллект ақпаратты талдау мен сот қызметін ұйымдастыру тиімділігін арттыра алады, алайда оны құқықтық салада қолдану тек көмекші сипатта болуы тиіс. Әсіресе адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелер бойынша сот шешімдерін қабылдау судьяның айрықша құзыретінде қала береді.

Сөзін қорытындылай келе, Конституциялық Соттың Төрағасы ЕАЭО Соты мен қатысушы мемлекеттердің конституциялық соттары арасындағы диалогты одан әрі дамытуға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға және құқықтық ұстанымдармен алмасуға шақырды. Оның пікірінше, бұл цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын, құқық үстемдігі қағидаттарын, конституциялық кепілдіктер мен адам құқықтарын қорғауды мүлтіксіз сақтайтын орнықты құқықтық ортаны қалыптастыру үшін қажет.