Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Семей қаласындағы Shakarim University-де Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Еркін Оңғарбаевтың профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен университет білім алушылары үшін лекциясы өтті.
Кездесу барысында Еркін Оңғарбаев жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен конституциялық реформаның басты жаңалықтары туралы айтып, олардың мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудағы, құқықтық мемлекетті дамытудағы, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтудегі маңызын атап өтті.
Конституциялық Сот Аппаратының талдау және конституциялық іс жүргізу бөлімі басшысының орынбасары Әсет Балғынтаев Конституциялық Соттың қызметі мен конституциялық бақылау тетіктері туралы айтып берді.
Ашық диалог аясында конституциялық заңдылықты нығайту, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері, сондай-ақ Конституциялық Соттың еліміздің ұлттық құқықтық жүйесіндегі рөлі талқыланды, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Ғылыми кеңестің шешімімен Еркін Оңғарбаевқа құқықтық ғылым мен құқықтық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Shakarim University-дің құрметті профессоры» атағы берілді. Конституциялық Сот өкілдері университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен, соның ішінде Шәкәрім музейімен, Shakarim Lab зертханаларымен және спорт кешенімен танысып, оқу және ғылыми зерттеулерге жасалған жағдайларды жоғары бағалады.
Сонымен қатар қонақтар университет жанындағы «Shakarim High School» мектебінде өткен «Соңғы қоңырау» салтанатты рәсіміне қатысып, түлектерге сәттілік пен жарқын болашақ тіледі.