Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Конституция үстемдігі және конституциялық іс жүргізудегі Amicus Curiae институтының дамуы» атты тренинг өтті.
Шара Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты, «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігі және Нидерланд Корольдігі Елшілігінің ұйымдастыруымен өтті.
Тренингке адвокаттар, заң консультанттары, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бала және отбасы құқықтары жөніндегі уәкілдің, сондай-ақ азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында университет ректоры Жанар Темірбекова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ермек Абдрасулов, «Сана Сезім» құқықтық орталығының атқарушы директоры Вера Закутняя және университеттің заң факультетінің деканы Әлия Қасымбек болды. Шараның модераторы Конституциялық Соттың талдаушысы Әлия Бердібаева болды.
Конституциялық Соттың судьясы Айгүл Қыдырбаева Конституция мен заң үстемдігі қағидатының маңыздылығын, конституциялық бақылау органдарының конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудегі рөлін, сондай-ақ олардың нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру, конституциялық-құқықтық дауларды шешу және конституциялық нормаларға ресми түсіндірме беру жөніндегі функцияларын атап өтті.
Талқылау барысында қатысушылар конституциялық сот төрелігіне қолжетімділік, ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасы, сондай-ақ тәуелсіз сараптамалық ұстанымды тарту құралы және конституциялық сот ісін жүргізу сапасын арттыру тетігі ретінде Amicus Curiae институтының маңызы мәселелерін қарастырды.
Бұдан бөлек, конституциялық бақылау органы өкілдері Түркістан қаласы білім бөлімінің «№32 жалпы білім беретін мектеп» КММ оқушыларымен кездесіп, олар құқық, конституциялық құндылықтар және Конституциялық Сот қызметі мәселелеріне жоғары қызығушылық танытып, ашық диалогқа белсене қатысты.