
Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сот Шығыс Қазақстан облыстық сотының Әлеуметтік кодекстің 196-бабы 1-тармағының, 202-бабы 2-тармағының, 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының және зейнетақымен қамсыздандырудың рәсімдік мәселелерін реттейтін, 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 Қағидалардың 5-тармағы бесінші бөлігінің конституциялылығын тексеру туралы ұсынуын қарады.
Өтініштің мән-жайы
Ұсыныс енгізуге аталған нормалардың өзара байланыста азаматтың мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағында тұрақты тұруы шарт, ал бұл Конституцияның 14-бабы мен 28-бабының 1-тармағының ережелеріне қайшы келеді деп пайымдаған азаматшаның өтініші негіз болды.
Конституциялық Соттың ұстанымы
Ұсынылған материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларын талдағаннан кейін Конституциялық Сот зейнетақы төлемдері өзінің құқықтық табиғаты бойынша адамның тұрғылықты жеріне емес, тап осы белгілі бір жасқа толуына және соған қарай әлеуметтік осалдығының туындауына байланысты төленетін төлемдер болып табылады деп атап өтті.
Конституция нормаларын жүйелі түсіндіруді негізге ала отырып, Конституциялық Сот Кодекстің 196-бабы 1-тармағының ережелерінде зейнетақымен қамсыздандыруға заңды құқықтың туындауы үшін ел аумағында міндетті түрде тұру шартының Қазақстан Республикасының азаматтарына белгіленуі көзделмейді деп атап өтеді.
Кодекстің 202-бабының 2-тармағында және 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін жүзеге асырудың жалпы кезеңі және алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі анықталған жағдайда олардың тоқтатылуы айқындалады.
Кодекстің осы ережелерінде аталған факт зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде мұндай талап қойылған адамдарға қатысты ғана заңдық мәнге ие және осы төлемдердің тоқтатылуына әкеп соғады.
Мұндай түсінуден Конституциялық Сот Кодекстің 202-бабы 2-тармағының және 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының Конституция ережелеріне сәйкес келмеуін таппады.
Қағидалардың 5-тармағы бесінші бөлігінің дау айтылып отырған ережелері өтініш берушінің заң талаптарына сәйкестігін растау тетігімен байланысты және зейнетақы тағайындауға тыйым салуларды, шектеулерді қамтымайды, осыған байланысты нормативтік құқықтық актіні көрсетіліп отырған бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп тануға негіздер жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органға аталған актіге нақтылау сипатында түзетулер енгізу ұсынылды.
Конституциялық Соттың қорытындылары
Тексеру нәтижесі бойынша Конституциялық Сот:
1) Кодекстің 196-бабының 1-тармағын мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды: «мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асырған кезде осы төлемдерді тағайындау үшін заңда белгіленген барлық басқа шарттарға сәйкес келген Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы талап қойылмайды»;
2) Кодекстің 202-бабының 2-тармағын және 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасын мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды: «егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, зейнетақы төлемдерін алушының елдің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі мұндай төлемдерді тағайындау кезінде (осы нормативтік қаулының қарар бөлігінің 1-тармағында берілген түсіндірмені ескере отырып) аталған талап қойылатын адамдарға қатысты ғана заңдық мәнге ие және зейнетақы төлемдерінің тоқтатылуына әкеп соғады».
КС нормативтік қаулысының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/1013205?lang=kk