Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты сотталушыны қамауда ұстау мерзімдері мен бұлтартпау шарасын қайта қолдану мүмкіндігін реттейтін Қылмыстық-процестік кодекстің 136-бабы бірінші бөлігінің, 140-бабы төртінші бөлігінің, 153-бабы бірінші бөлігінің және 342-бабы бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтардың екі өтініші бойынша отырыс өткізді.
Дауланып отырған Қылмыстық-процестік кодекстің нормалары сотқа ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сотталушыны қамауда ұстау мерзімін он екі айға дейін ұзарту, сондай-ақ бұрын белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда қамауға алуды қайта қолдану құқығын көздейді.
Өтініш берушілердің ұстанымы
Өтініш берушілердің пікірінше, заңда қолданылған «мерзімі өткеннен кейін» деген тұжырым сот бұрын белгілеген қамауда ұстау мерзімі нақты аяқталғаннан кейін де оны ұзартуға мүмкіндік береді.
Олардың пайымдауынша, мұндай құқықтық айқынсыздық адамның бостандығын уақтылы сот шешімінсіз шектеуге әкелуі мүмкін, бұл Конституция кепілдік берген бостандық пен жеке басына қол сұғылмаушылық құқығына әсер етеді.
Сондай-ақ өтініш берушілердің пікірінше, қамауда ұстаудың шекті мерзімі өткеннен кейін сот бұрын белгілеген шектеулер бұзылған жағдайда адамды қайтадан қамауға алу мүмкіндігі бар. Олардың ойынша, бұл іс жүзінде бостандықты қайта шектеуге әкелуі ықтимал.
Істің мән-жайы
Өтініш материалдарынан белгілі болғандай, өтініш берушілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Жекелеген жағдайларда қамауда ұстау мерзімі ол аяқталғаннан кейін ұзартылған.
Сонымен қатар соттар белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қайта қолдану мүмкін екенін түсіндірген.
Отырысқа қатысушылар
Конституциялық Сот отырысына өтініш берушілер мен олардың адвокаттары, Парламент Палаталарының, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Республикалық адвокаттар алқасының, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысты.
Баяндамашы судьялар — Қ.Т. Жақыпбаев пен А.Қ. Ескендіров.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық заңның 65-бабына сәйкес КС ресми сайтында сілтеме бойынша, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады.