Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
Конституциялық Сотқа әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау шарттарын белгілейтін Әлеуметтік кодекс нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш жасауға 26 жылдан астам еңбек сіңірген, бірақ теріс себептермен әскери қызметтен босатылған бұрынғы әскери қызметшіге зейнетақы тағайындаудан бас тарту негіз болды. Барлық сот сатылары бұл бас тартуды заңды деп таныды.
Өтініш иесі қажетті еңбек сіңірген жылдары бола тұра, зейнетақы тағайындау үшін шекті жасқа жету талабын қызметтен босатудың өзге негіздерімен салыстырғанда әділетсіз деп есептейді.
Конституциялық Сот әскери зейнетақы екі шарт сақталған жағдайда тағайындалатынын түсіндірді. Біріншіден, жеткілікті еңбек сіңірген жылдарының болуы, екіншіден қызметтен шекті жасқа жетуіне байланысты босатылуы керек. Бұл талаптар әскери қызметтің ерекше құқықтық мәртебесі ескеріле отырып, заңмен белгіленген.
Конституциялық Сот әртүрлі жағдайлар үшін әртүрлі талаптардың белгіленуі, егер олардың ақылға қонымды әрі заңды негіздері болса, өздігінен кемсітушілік болып табылмайтынын атап өтті.