Астанада жас заңгерлердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған тренинг өтті

Астанада жас заңгерлердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған тренинг өтті

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz

 

Астана қаласында 28-30 сәуір аралығында Қазақстанның 15 өңірінен келген сот төрелігі жүйесінің жас өкілдерін біріктірген үш күндік тренинг өтті. Шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен Жоғарғы Соты Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырды.

Тренинг бағдарламасы кәсіби құзыреттерді дамытуға, тәжірибе алмасуға және құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған бес тақырыптық сессияны қамтыды.

Peer-to-peer сессиясы аясында Орталық Азия елдерінің конституциялық және жоғарғы соттарының судьялары, сондай-ақ прокуратура мен адвокатура өкілдері мансаптық өсу, сот тәжірибесі және сот төрелігі жүйесінің дамуындағы заманауи үрдістер мәселелерін талқылады. Қатысушылармен өз тәжірибелерімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айжан Жатканбаева, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Гульмира Исамберлиева, Қырғыз Республикасының Конституциялық Сотының судьясы Чинара Айдарбекова және Қырғыз Республикасының Жоғарғы Сотының судьясы Эльмира Байтикова бөлісті.

Жекелеген блок құқық үстемдігі мен сот төрелігіне қол жеткізу мәселелеріне арналды. Қатысушылар Венеция комиссиясының құқық үстемдігі бойынша бақылау тізімімен және осы саладағы халықаралық тәсілдермен танысты. Спикерлер қатарында заң ғылымдарының кандидаты, сот реформасы және қылмыстық әділет саласының сарапшысы, Penal Reform International кеңесінің мүшесі Дмитрий Нурумов; Судья әйелдердің халықаралық қауымдастығының (IAWJ) Еуропалық өңірлік өкілі, қылмыстар салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі трибуналдың бас судьясы Ита Фарелли; сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың судьясы Анна Адамска-Галлант болды. Ол онлайн форматта Еуропалық сот қызметіндегі пропорционалдық қағидатын қолдану тәжірибесін таныстырды.

Сот төрелігін цифрландыруға арналған сессия дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін қамтыды. Сарапшылар Дана Утеген мен Азиза Шужеева қатысушылармен сот жүйесінің цифрлық трансформациясының перспективаларын және заңгерлердің цифрлық құзыреттерін дамыту мәселелерін талқылады.

Гендерлік бағдарланған сот төрелігі тақырыбы халықаралық сарапшылар Халида Ажигулова мен Ирина Урумова тарапынан ашылды. Талқылау барысында сот жүйесіндегі гендерлік теңгерім және әйелдер мен қыздардың сот төрелігіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Қорытынды блокта қатысушылар судья әдебі қағидаттарымен, құқықтық уәждеу тәжірибелерімен және кәсіби коммуникация дағдыларымен танысты. Спикерлер Раушан Жүсіпова, Рамазан Көкжалов және Айгерим Құсайынқызы негізгі soft skills дағдыларын, оның ішінде өзін таныстыру, жанжалдарды басқару және кәсіби ортада тиімді өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған практикалық сабақтар өткізді.

Тренинг Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына сапармен аяқталып, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова үздіксіз кәсіби дамудың маңыздылығын атап өтіп, жас мамандардың еліміздің құқықтық жүйесін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы, Елші Алексей Рогов жас мамандардың дамуына салынған инвестициялар олардың мансаптық өсуіне ғана емес, сонымен қатар құқық үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген институттарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.